ШЫНАЙЫ ОҚИҒАЛАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН
Бақ. Қара ағашқа баумен берік байланған әткеншек. Жер бетін жапқан алтын жапырақтардың үстіне үзік-үзік тамшы тамады. Екі қолымен екі бетін басып әлдекім егіліп отыр. Ентігі барған сайын үдеп, кейде тұншығып, көкірегін көк жалын өксік толқытып, алған демі көмейіне кептеліп, булығып отыр. Бұны көргенімде тұла бойымды суық қарып өткендей болды. Мөлдіреген көзінен мөлт етіп ып-ыстық тамшылар ыршып түсуде. Жылап қана қоймай ернін жыбырлатып әлденені сыбырлайды. Сыбырлаған соң одан әрі бұлқан-талқан жасты бұрқыратып, бет-жүзі дауыл соққандай солғың тартады. Мен оны түсінбедім... Дауыстап жылап жібере жаздап, өз-өзін зорға тежеп тістеніп, бетін екі тізесіне басты.
Кенет арқа тұстан тықыр-тықыр дауыс естіле бастады. Ол жалма-жан көзін сүртіп, қос алақанды жайып, ай бетін жапқан бұлтты түнгі заңғар аспанға көз тастады. «О,Аллам! Маған жәрдеміңді бере көр! Маған күш-қуат бере көр! Мен былай өмір сүргім келмейді. Көмектесші!». Білем, оның соңғы көз жасын сығып алуға қауқары да жетпеді. Бар әлін, қайратын сарқығандай. Тасыр-тұсыр басып. үйге қарай ентелей жөнелді.
Бүгін сәрсенбі. Таксиге отырып, университетке жол тартты. Құлаққап тағып, жүрегіне жақын әнді қосты да, көлік терезесінен Жетісудың сұлу табиғатына көз салды. Көз салғаны сол-ақ екен түпсіз терең ойға батты. Оның бұйра шаштары самал желмен мың бұратылып ойнақ салады. Бұйра шаштары секілді ойлары да бұйраланып, Жетісудың қатпар-қатпар бұйра жоталары мен төбешіктерін еске салатын тәрізді. Алыстан мұнарлап көрінетін қара тау оның қою қара қастарынан аумайды. Ол – мен көріп тұрған табиғаттай нәзік, бар сұлулықты бойға жиған тартымдылықтың иесі. Бұл екеуін бөліп жармай «бір табиғат» деп атар-ақ едім. Тек олардың арасын көліктің жұқа шыны терезесі ғана бөліп тұр. Ол өзінің бойында осынша әсемдіктің барын біле ме екен?! Бәлкім, ол қатпар-қатпар бұратылған бұйра ойлардың арасында адасып жүрген болар... Әлде өзінің ойдан құрап алған әлемінде қалқып жүр ме екен?! Кім білсін...
Бүгінгі жол әдеттегіден тым ұзаққа созылған сияқты. Еңселі білім ордасына келісімен оның жүзі бозғылт тартты. Автобус аялдамасында біраз дем алып тұрды да, баяу қадамдап университетке бет алды. Жүріп келе жатыр. Бірақ әлденеге алаңдаулы. Өзіне қарсы келе жатқан жандардан көзін ала жасырып, төменге қарай береді. Жолдың ортасына келгенде өкпесі қысылып, жүрісі өзгеріп сала берді. Аялдамада алған демі осы жерге дейін жеткен сияқты... Қара терге малшынған ол асығыс жүріп, университет ішіне кіріп, «уф» деді. Телефоннан сағатқа бір үңілді де, аудиторияға бет алды.
Қызық! Ол дәріс үстінде өзіне қадала қараған жанарлардан тағылады. Шоли қараған оқытушымен көздері тірескенде жанарын тайдырады. Бұны байқағандар да болды. Ежелгі заман тарихынан беретін Қаламқас Төребекқызы оған Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқуға кеңес берді. Ол оны оқығанын, жүрегіңде сәл де болса батылдық сезімі ұялағанын айтты. Бірақ, қадала қараған жанарлардан әлі күнге дейін қорқады. Жай қорықса жақсы ғой, қысылады, қара терге түседі. Ол неге қарай алмайды? Демек, әлденеден ұялады. Бірақ неден? Мүмкін, ұялуға тұрарлық әрекетті жасыра ма? Сірә, оны өзінен басқа ешкім түсінбейді-ау. Ол – саналы адам. Бірақ түсінбейтінім, неге өз жанын өзі тырнайды, неге бекерге қиналады? Демек, оның жан-дүниесінің түпсіз тереңінде ешкім түсіне алмайтын сыр жатыр... Бір білерім, бақшадағы сол түннен кейін ол ағыл-тегіл жылауды қойды.
Көзге тік қарай алмағанына мұның да еті үйреніп кеткен тәрізді. Әңгіме кезінде тыңдаушыға емес, алыстан мұнарлап көрінетін белгісіз сағымға сөйлейді. Кейде сағыммен сөйлеседі. Меніңше, ол осылай ішінде жиналған әңгімелерін шығаратын сияқты...
Бүгінгі күннің соңғы сабағы да аяғына жетті. Дәптер-құралын жинап, аялдамаға барып, автобусқа отырды. Қайтар жол да әдеттегіден ұзаққа созылды. Бұл жолы да құлаққап тағып, жүрегіне жақын әнді қосты. Жолдың ортасында көзі ілініп кетті.
Ұзыннан-ұзын шұбатылған көшенің басы. Өз ойларымен арпалысып әлденелерді ойлап келеді. Мөлтілдеген жанары жасқа толғанымен, ол бұл жолы жыламады. Үйге кірісімен ешнәрсеге қарамай, тіс жармай, өз бөлмесіне бұрылды. Тас төбесінен түскен бір найзағай жалт-жұлт етіп, бүкіл іші-бауырын жарып өткендей. Сылқ түсіп, диванға отырды. Үйден шыққанда алған демі таусылып, енді ғана келесі демін алып жатқандай. Оның әр күні осылай.
Ентелей келіп шкафқа жақындап қолына бауды алып, тысқа шықты. Кеше ғана еңкілдеп жылаған бақшадағы өзі ұнататын қара ағашқа жақындады. Бауды қара ағашқа байлады да, әткеншекке отырып түнгі аспанға зер салды. Бұл жолы ұзақ отырып ойланды. Осыған дейінгі ішкі қиналыс-арпалыс не үшін? Не үшін шыдап жүрмін? Кім үшін шыдап жүрмін? Осы бір сұрақтармен арпалысқан ол шапшаң тұрып, қара ағашқа байлаған бауға қарай ұмтылды. Мен оны әлі де түсіне алар емеспін. Сірә, оны және оның жан дүниесіндегі арпалыс-шайқасты ешкім де ұға алмас, ұға да алмады.... Мен оның бұл әрекетін түсінбедім...
РЕЙТИНГІ
5.0
14 адам дауыс берді
Әңгіме SAGA BOOKS платформасында тіркелген.
№3
Авторы: SAGA
Күні: 21.04.2023
ӘҢГІМЕНІ БАҒАЛАУ, ПІКІР ҚАЛДЫРУ
ӘҢГІМЕ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР
Әңгіме 2022 жылдың қараша айынан бастап жазылып, 2023 жылдың сәуір айында аяқталды.
Шын өмірде болған оқиғалар желісінде жазылған.
Әңгіме туралы
Басты кейіпкер - өзіне қадала қараған жанарлардан қорқатын адам. Оның бұл фобиясын ешкім түсіне бермейді. Бұл фобия оның ішін жегідей жеп, өмірінің тас-талқанын шығарды. Ол бұған шыдай ала ма? Әңгіме психологиялық триллер жанрында жазылған. Бұл менің екінші шығармам. Оқиғада басты кейіпкердің ішкі арпалыс-тартысы, жай-күйі суреттеледі.